Өскеменде Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай үздіктері марапатталды. Саланың дамуына сүбелі үлес қосқан азаматтарға медальдар мен Құрмет грамоталары табысталды. Салтанатты шарада облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов мәдениет және өнер майталмандарының еңбегін ерекше атап өтті.
Бұл кәсіби мереке 2013 жылдан бастап ресми түрде аталып келеді. Салтанатты шарада аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов өнер және мәдениет саласының маңызына тоқталды.
Дөңгелек үстел басына жиналған зиялы қауым өкілдері де руханият мәселесін сөз етті.
Салтанатты шарада өңірдің мәдениет саласының дамуына сүбелі үлес қосқан 20 қызметкер «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдерімен марапатталды.
Соңғы жылдары ауылдық жерлердегі мәдени нысандарға көп көңіл бөлініп, бірқатары күрделі жөндеуден өтті. Биыл Күршім ауданындағы кітапхана жаңартылса, Белоусовка кентінде жаңа мәдениет үйінің құрылысы басталды. Мәдениет саласында 45 жылдық еңбек өтілі бар Нұрсағила Шәмшиева, бұл – руханиятқа салынған инвестиция деп санайды.
Өңірде биыл бірнеше ауқымды мәдени шара өтеді. Маусым айында Катонқарағай ауданында «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық фестиваль ұйымдастырылмақ. Ал күзде Халық театрлары облыс орталығында тоғысады.