Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының Мамандандырылған күзет қызметі басқармасында ерекше шара өтті. Облыстық білім басқармасының "Жасөспірімдер үйі" тәрбиеленушілері үшін танымдық экскурсия ұйымдастырылды. Жас өрендер басқарма мамандарының күнделікті қызметімен етене танысуға мүмкіндік алды.

Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған шараның өтуіне мамандандырылған күзет қызметі басқармасы мен Ардагерлер кеңесі ұйытқы болды. Ал ШҚО бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аксана Каленова жасөспірімдер үйінің тәрбиеленушілеріне құқықтық мәдениет пен бала құқығы туралы арнайы сабақ өткізді.

Бұдан соң, балалар мамандандырылған күзет қызметінің жұмысымен танысты. Танымдық ойындарға қатысып, басқармадағы мұражайды аралады.

Мамандандырылған күзет қызметі басқармасы алдағы уақытта жас өрендер арасында сурет байқауын ұйымдастыруды көздеп отыр. Жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар да қарастырылған.

Жасөспірімдер жағы құқық қорғау органы саласы қызметкерлерінің жұмыс барысымен танысуға мүмкіндік берген азаматтарға алғыс айтты. Осы сынды танымдық шараларды жиі өткізу қажет, деді.

Танымдық кездесу аясында балалар құнды ақпаратқа қанық болды. Әрі өз құқықтары мен міндеттеріне жауапкершілікпен қарау қажеттігін түсінді.