Аймақта қаржы алаяқтарға қарсы күрес шаралары қарқынды жүргізіліп келеді. Тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндірме жұмыстарыда жиі өтеді.Алайда, құқық қорғау органдарының ескертпесіне қарамастан шалыс басып, барынан айырылып жатқандар қатары азаяр емес. Дегенмен, алаяқтарға қарсы күрес шаралары өз жемісін беріп келеді. Мәселен, соңғы екі жылда алты қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылып, жүздеген азаматтың қаражаты заңсыз айналымнан қорғалды. Тақырыпты әріптесіміз жалғастырады.
Қаскөйлер азаматтарды алдап-арбаудың түрлі тәсілін жүзеге асырып келеді. Соның бірі - дроп-карталар. Бұл банк картасы немесе шоттарды заңсыз мақсатта қолдануға беретін тұлғалар.Өңірде осыған қатысты алты мыңнан астам дерек анықталған. Карта иелерінің басым бөлігі студенттер мен зейнеткерлер. Бұдан бөлек, аз ғана уақыт ішінде қомақты қаржыға кенелуді көздеп, түрлі қаржы ұйымдарының арбауына түскен азаматтардың да қатары артқан көрінеді.Осындай жайттардың артуына жол бермеу мақсатында өңірдегі уәкілетті органдар алдын алу, қарсы күрес шараларын күшейткен.
Азаматтарды қаскөйлердің теріс пиғылды әрекетінен қорғау мақсатында ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі бірнеше цифрлық платформаны іске қосқан. Олардың қатарында – @baiqa_piramida Telegram-боты, агенттіктің ресми сайты мен Instagram парақшасы бар. Бұл ресурстар арқылы күмәнді жобаларды нақты уақыт режимінде тексеруге болады.
Биыл өңірде алғаш рет қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған Ұлттық олимпиада өтті. Оған мыңнан астам студент қатысып, төртеуі финалға жолдама алды. Бұдан бөлек, «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 32 мыңнан астам азамат түрлі шараға қатысты.
Сала мамандары азаматтарды қаржылық әрекеттерді іске асырғанда барынша сақ болуға шақырады. Егер күмән тудыратын кез келген жайтпен бетпе-бет келсеңіз бірден Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің 8 (7232) 24-06-05 сенім телефонына хабарласыңыз.