Аймақтың туристік әлеуеті зор. Бұл бағытта өңірде ауқымды жобалар қолға алынуда. Жауапты сала мамандарының дерегі бойынша өткен жылы шығысқа 428 мыңға жуық турист келген. Болашақта олардың санын арттыру, инфрақұрылымды ретке келтіру және инновациялық технологияларға негізделген қызмет сапасын жақсарту мақсатында атқарылар шаруа көп. Мәселен, 2024 жылы салаға 15 млрд. теңге инвестиция тартылып, бес ірі туристік нысан іске қосылған.

Туризмнің дамуы тікелей инфрақұрылымға байланысты. Сондықтан жол бойындағы санитарлық-гигиеналық жағдайды жақсарту маңызды. Былтыр алты ауданда осы бағыттағы жұмыстар жүргізілді. Бұл жұмыс биыл да жалғасын табады.

Шығыста әсіресе экотуризм мен этнотуризм жақсы дамып келеді. Өткен жылы Ұлан ауданында «Шығыс салбурыны» бүркітшілер мерекесі өтті. Самар ауданында балықшылар фестивалі ұйымдастырылды. Ал жазда Катонқарағайда халықаралық рафтинг фестивалі өтеді. Бұдан бөлек, «Шығыс салбурыны» шарасын Дүниежүзілік туристік ұйым күнтізбесіне енгізу мәселесі қаралуда.

Өңірдің туристік әлеуеті жыл сайын артып келеді. Салаға инвестиция тарту және инфрақұрылымды дамыту өңір экономикасына серпін береді. Сондықтан жауапты сала мамандары 2029 жылға қарай туристер санын 650 мыңға жеткізуді жоспарлап отыр.