Зайсан ауданындағы Көкжыра ауылында Ұлы Отан, Ауған соғысында қаза тапқандарға және Чернобыль апатын жоюға қатысқан ардагерлерге арналған ескерткіштің ашылу салтанаты өтті. Шараға ауыл тұрғындары, ардагерлер мен жергілікті билік өкілдері қатысты.

Тарихты ұмытпау – ұрпақ парызы. Шараға келген құрметті меймандар мен ауыл халқы алдымен майданда қаза тапқан ардагерлерді еске алды. Көпшіліктің назарына соғыс жылдарындағы кезең жайлы сыр шертетін қойылым ұсынылды.

Монументке тыл еңбеккерлері мен соғыс ардагерлерінің есімдері жазылған. Шараны ұйымдастыруға атсалысқандардың бірі — Серікхан Мұқышев. Ол – тыл ардагері, «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері Мұқыш Күшікұлының немересі.

Ер есімі-ел есінде. Бейбіт өмір үшін жанын қиған ата-бабаларымыздың ерлігі ғасырлар өтсе де ұмытылмастай тарихта жазылды. Ауыл тұрғындарының сөзінше, мұндай шаралар жастардың бойында патриоттық тәрбиені қалыптастыруға, олардың Отанға, жерге, елге деген сүйіспеншілігін арттыруға сеп болары сөзсіз.