Елде Президенттік жастар кадрлық резервіне төртінші іріктеу басталды. Жоба – мемлекеттік қызметке белсенді және білімді жастарды тартуға бағытталған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында айтылды.
Жоба 2019 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт аралығында оған 60 мыңнан астам азамат қатысқан. Нәтижесінде 400 адам резервке өтіп, олардың 80 пайызы бүгінде мемлекеттік және өзге де ұйымдарда қызмет етіп жүр. Биылғы төртінші іріктеу жаңа тәсілмен ерекшеленеді. Әр кезеңде салалық бағыттар бойынша квоталар белгіленген.
Президенттік жастар кадрлық резерві — бұл тек тізім ғана емес, нақты мансаптық өсуге және мемлекеттік басқаруды жаңғыртуға мүмкіндік беретін алаң. Жаңа іріктеу — ел дамуына үлес қосқысы келетін әрбір жасқа берілген кең мүмкіндік.