Өскеменде «WorldSkills - 2025» облыстық чемпионатының жабылу салтанаты өтті. Шарада жоғары кәсіби шеберлік көрсеткен үздіктерді марапаттау рәсімі өтті. Чемпионаттың бас демеушісі – «Казцинк» компаниясы.

Апта бойы облыс колледждерінің 170-тен астам дарынды студенттері 38 құзіреттілік бойынша сынға түсті. Чемпионат жеңімпаздарына «Казцинк» ЖШС бағалы сыйлықтар табыс етіп, алғас хаттармен марапаттады. Компания әрдайым жас мамандарға демеу болып, жұмысшы мамандықтар беделін арттыруға қолдау көрсетеді.

Чемпионат жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты. Ол өзінің құттықтау сөзінде өңір ірі өндіріс кәсіпорындарымен белгілі екендігіне тоқталды. Сондықтан болашақта өнеркәсіп саласында еңбек еткісі келетін дарынды жастарды қолдау маңызды екенін айтты.

Чемпионат қорытындысы бойынша Өскемен көпсалалы технология колледжінің студенттері командалық есепте үшінші орынға ие болды. Екінші орынды Риддер колледжінің командасы қанжығасына байласа, бірінші орын Өскемен жоғары политехникалық колледжінің қатысушыларына бұйырды. Жалпы командалық қорытынды шығарылғаннан кейін жеке құзыреттер бойынша жеңімпаздар марапатталды.

Енді жеңімпаздар қараша айында Астанада өтетін чемпионаттың республикалық кезеңінде Шығыс Қазақстан облысының намысын қорғайтын болады.