Ұлан ауданындағы Шалқар көлінің жағасында жазғы туристік маусымның ашылу салтанаты өтті. Мақсат - өңірдің көрікті жерлерін кеңінен насихаттап, ішкі туризмнің әлеуетін арттыру. Шараға аудан тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Туристік маусым басталмас бұрын салалық басқарма өкілдері мен жергілікті әкімдік мамандары демалыс орындарын аралап, кәсіпкерлерге түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Бастысы - сапалы қызмет, тазалық пен қауіпсіздік талаптары қатаң сақталуы керек, дейді Ұлан ауданының әкімі Арман Бекбосынов.

Өткен жылы өңірге 430 мыңға жуық турист келген. Бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16 пайызға артық. Олардың қатарында шет ел азаматтары да бар. Жыл өткен сайын аймақтың туристік әлеуеті артып келеді. Сондықтан бұл салаға тартылатын инвестиция көлемін де ұлғайту қажет.

Бұл күні келушілер ұлттық спорт түрлерінен ұймдастрылған жарысқа қатысты. Бұдан бөлек, мәдени шараларға куә болды.

Ал, этноауыл аумағында қазақтың ұлттық тағамдары ұсынылды. Қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі өтті.

Бұдан бөлек, «TOR ALTAI» демалыс орнында экскурсия өтті. Жиналғандар «өмір соқпағы» бағытымен серуенге шықты. Ғалым Борис Щербаковпен кездесіп, «Аблайкит» археологиялық кешені туралы деректерге қанық болды. Шара ашық аспан астындағы би кешімен аяқталды.