Қанипа Бітібаеваның 80 жылдық мерейтойына орай Өскемендегі А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханада «Аңызға айналған ұстаз» атты еске алу кеші өтті. Тағылымды шараға зиялы қауым өкілдері, ардагер ұстаздың шәкірттері мен туыстары, мектеп оқушылары, студенттер және кітапхана оқырмандары қатысты.
Саналы ғұмырын білім саласына арнаған Қанипа Бітібаева - қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің майталманы, ҚР еңбек сіңірген мұғалімі, профессор. Ол – 41 кітаптың, 200-ден аса ғылыми-әдістемелік мақаланың авторы, «Абайтану» курсын мектеп бағдарламасына енгізген тұңғыш ұстаз. Шараға Қанипа Омарғалиқызының туған-туыстары қатысып, отбасы, өскен ортасы туралы жүрекжарды естеліктерімен бөлісті.
Ұстаздың өскелең ұрпаққа арнап жазған мол мұрасы өміршеңдігін дәлелдеп келеді. Бүгінде Қанипа Бітібаеваның есімін ұлықтау бағытында жүйелі жұмыстар қолға алынуда.
Өмірін саналы ұрпақ тәрбиелеуге арнаған, артына өшпес мұра қалдырған аяулы ұстаздың жарқын бейнесі ел жадында мәңгі сақталады.