Өңір тұрғындары қуанышқа кенелді. Жеңістің 80 жылдығына орай Зайсан ауданында әлеуметтік осал топ санатындағы отбасыларға баспана кілті табысталды. Тұрғын үйлер «Бір қабатты шығыс» бағдарламасы аясында салынған.Жаңа қонысқа ие болған жандардың көпшілігі пәтер кезегін 10 жылдай күткен.

Салтанатты шара барысында ауданның құрметті азаматтары баспана кілттерін қуаныш иелеріне табыстады. Ұзақ жылдар бойы баспана кезегінде тұрған отбасылар көптен күткен үйлеріне қол жеткізіп, ақжарма тілектерін айтты.

Жалпы алты жаңа тұрғын үйдің кілті берілді. Оның ішінде төрт пәтер Үлкен Қаратал, екі пәтер Қаратал ауылында орналасқан. «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы тек баспана салумен шектелмейді. Ол ауылдық жерлердегі тұрмыс сапасын арттыруға, тұрғындардың тұрақты өмір сүру жағдайын жақсартуға және өңірлердің әлеуметтік-экономикалық ахуалының дамуына ықпал етеді. Қаратал ауылдық округінің әкімі Мереке Сайранов кешенді жұмыс жалғасатынын атап өтті.

Салтанатты шара Зайсан ауданының шығармашылық ұжымы дайындаған концерттік бағдарламамен аяқталды.