Мемлекет басшысы Үкімет отырысында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік саласындағы жүйелі кемшіліктерді сынға алып, оны шешу үшін түбегейлі өзгерістер енгізу қажеттігін атап өткен болатын. Президент пәрменін іске асыру мақсатында ҚР Парламенті Сенатының депутаттары шығысқа келіп, өңірдегі жобалармен танысты. Облыстық әкімдікте өткен дөңгелек үстел барысында саланы дамыту жолдары жан-жақты талқыланды.

Облыстық әкімдікте өткен жиында кәсіпкерлер мен сенаторлар өзара пікір алмасты. Бизнестің түйткілді мәселелерін талқылады. Депутаттар жағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік, инвестиция тарту және бизнеске кедергі келтіретін тосқауылдарды азайту басты назарда екенін айтты. Өңірде қазіргі таңда әріптестік аясында жалпы құны 12 млрд. теңгеге жуық 47 жобасы іске асырылып отыр. Олардың дені әлеуметтік нысандар.

Жиында кәсіпкерлер ауыл шаруашылығы, ветеринарлық бақылау мен салық саясатына қатысты өз ұсыныстарын жеткізді. Әсіресе, ауыл шаруашылығына қатысты ветеринарлық ережелерді жетілдіру қажеттігі айтылды.

Аймаққа арнайы келген Сенат депутаттары жобалармен танысып, жергілікті кәсіпкерлердің ұсыныс-пікірлерін тыңдады. ҚР парламенті сенатының депутаты Бекболат Орынбековтың айтуынша, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік саласының әлеуетін толық пайдалану үшін оған қатысты заңнаманы жетілдіру қажет.

Жиын соңында қатысушылар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін жетілдіру, заңнаманы оңтайландыру және мемлекет пен бизнестің байланысын нығайту мәселесіне басымдық беру қажеттігін атап өтті.