Өңірге Ресей Федерациясының Омбы облысынан ресми делегация келді. Қадірлі меймандарды Омбы облысы Үкіметі төрағасының орынбасары Андрей Шпиленко бастап келді. Сапар мақсаты – өңіраралық байланыстарды нығайтып, екіжақты әріптестікті дамыту.

Облыс әкімдігінде өткен кездесуде тараптар ауыл шаруашылығы, логистика, туризм және су көлігі салаларында ынтымақтастық орнату жайын талқылады. Әсіресе, Ертіс өзені арқылы жүк және туристік тасымалды дамыту мәселесі негізгі тақырыптардың бірі болды. Айта кетейік, Омбы делегациясы бұған дейін Павлодар мен Абай облыстарынада ат басын бұрды.

АНДРЕЙ ШПИЛЕНКО, ОМБЫ ОБЛЫСЫ ҮКІМЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Біздің мақсат – Ертіс өзенінің мүмкіндігін бірлесе отырып дамыту. Павлодарда бұл бастама толық қолдау тапты. Абай облысында да нақты ұсыныстарымызды беріп, оң жауап алдық. Енді Шығыс Қазақстанмен де осындай байланысты нығайтқымыз келеді.

Жақсылық Омар, ШҚО әкімінің бірінші орынбасары:

Ертіс – Шығыстың ғана емес, бүкіл елдің байлығы. Ол – экономикамызды алға сүйрейтін маңызды өзен. Бірақ алдымен оның қазіргі жағдайын жан-жақты зерттеуіміз керек. Сол үшін арнайы жұмыс тобы құрылып, сараптама жүргізіледі.

Мамандардың айтуынша, өзенді тиімді пайдалану – тек экономикалық емес, әлеуметтік тұрғыдан да серпін береді. Ертіс бойындағы қалаларда – Өскемен, Семей, Павлодар мен Зайсанда – жаңа жұмыс орындары ашылып, инфрақұрылым дамиды. Бұдан бөлек, бюджетке қомақты салық түседі деген болжам бар.


Қымбат Иманғалиева