Шығыс Қазақстан облысында суға шомылу маусымының басталуына орай әрі демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жағажайларда құтқарушылар бекеті жасақталды. Осындай бекеттердің бірі облыстық Төтенше жағдайлар департаментімен Самар ауданына қарасты Новостройка ауылында, Бұқтырма су қоймасының жағалауында ашылды.
Бұқтырма су қоймасының жағалауындағы Новостройка ауылында құтқарушылар бекеті жұмыс істеп тұр. Жаз бойы мұнда өрт сөндірушілер мен облыстық ТЖД жедел-құтқару жасағының мамандары кезекшілік етеді. Бекет қажетті құтқару құралдарымен жабдықталған.
Марина Лискова, ШҚО ТЖД баспасөз хатшысы:
Жағалау шамамен 110 шақырымға созылып жатыр. Құтқарушылар күн сайын жағалауды патрульдеп, демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, судағы қауіпсіздік ережелерін түсіндіреді. Демалыс күндері мұнда ондаған мың адам жиналады. Сондықтан бұл аумақта құтқарушылардың болуы қажет.
Құтқарушылар патрульдеу жұмыстарын қайықпен жүргізсе, өрт сөндірушілер жағалау бойындағы демалушылар мен демалыс үйлері иелерінің өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауын қадағалайды. Сондай-ақ, мамандар жағалауда демалушылармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жаз мезгіліндегі қауіпсіздік талаптары бойынша нұсқаулықтар таратты.
Кәусар Идаятқызы