Шығыс Қазақстан және Омбы облыстарының инвестициялық әлеуетін таныстыруға арналған жиын өтті. Шарада жергілікті кәсіпкерлер мен көрші Ресей өңірінен келген бизнес өкілдер бас қосты. Басқосуда екі ел арасындағы шекаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.
Тараптар өз өңірлерінің экономикалық мүмкіндіктерін таныстырып, болашақта бірлесіп жүзеге асыруға болатын инвестициялық жобаларды ортаға салды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омар өз сөзінде екі жақты ынтымақтастықтың тек географиялық жақындығымен шектелмейтінін атап өтті.
Бұл – сауда мен өнеркәсіптен бастап, ғылым, білім және мәдениетке дейінгі түрлі салада трансшекаралық ынтымақтастықты дамытуға нақты мүмкіндік. Біз ынтымақтастықтың оң тәжірибесіне иеміз, бірақ бүгінгі кездесу сөзсіз жаңа кезеңнің бастамасы. Бизнес, мемлекеттік органдар және сарапшылар арасындағы тікелей байланыс – ортақ жобаларға негіз болмақ.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұрсұлтан Маратовтың айтуынша, өткен жылы өңірдің сыртқы сауда айналымының 26%-дан астамы Ресей Федерациясына тиесілі болған. Тауар айналымы 1,3 миллиард АҚШ долларын құраған.
Нұрсұлтан Маратов, Облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы:
Біз Ресей аймақтарымен қалыптасқан тұрақты экономикалық, әлеуметтік және мәдени байланыстарды жоғары бағалаймыз. Мұндай әріптестік көршілік қарым-қатынастарды нығайтуға ықпал етіп келеді. Сонымен қатар, көлік жүйесін жаңғыртып, транзиттік әлеуетімізді арттыру бағытында жұмыстар атқарылып жатыр.
Омбы облысынан келген делегация мүшелері өз тарапынан инвестициялық жобалар туралы ақпарат беріп, екі өңір арасындағы іскерлік байланысты одан әрі дамытуға ниетті екенін білдірді. Олар логистика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және туризм салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыруға шақырды.
АНДРЕЙ ШПИЛЕНКО, ОМБЫ ОБЛЫСЫ ҮКІМЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Бізге сүт өнімдері қажет. Осы бағытта сіздермен қарым – қатынас орнатуға мүдделіміз. Өнімді жеткізу жағынан мәселе туындамайды. Себебі, біздің тараптың көлік логистика саласының ауқымы кең.
Кездесу қорытындысында екіжақты іскерлік қатынастарды жандандыру және нақты жобалар төңірегінде бірлесіп жұмыс істеу туралы уағдаластықтар жасалды.
ГҮЛДАНА АЙДАРҚЫЗЫ