Өскеменде Ұлттық Домбыра күніне орай Халықаралық дирижерлер форумы өтіп жатыр. Музыкалық өнердің алтын арқауын жалғаған бұл форум Қазақстан, Қырғызстан және Ресейдің маңдайалды дирижерлерін бір сахнада тоғыстырады. Домбыра – қазақ халқының ғасырдан-ғасырға жеткен рухани қазынасы, ал оны дәріптеу – ұлттың мәңгілік мұрасын сақтаудың жарқын көрінісі.
Өнер – ұлттың жаны. Ал сол жанды әуенмен тербейтін аспап – домбыра. Қос ішектің үні бүгін Өскеменде шекара асып, бауырлас халықтардың жүрегін бір арнаға тоғыстырды. Халықаралық дирижерлер форумының шымылдығы ашылған сәттен-ақ оның рухани ауқымы сезілді. Бұл – тек музыкалық шара емес, ұрпақтар сабақтастығы мен мәдениетаралық үндестіктің үлгісі.
Самат Қасенов, облыстық мәдениет басқармасының басшысы:
Домбыра күніне байланысты ауқымды іс-шаралар кешегі күннен басталып кеткен болатын. Өздеріңіз жақсы біліп отырсыздар, үшінші шілде бізде, жаңағы, облысымыздағы барлық аудандардағы дирижерлардың құрамымен осы біздің шығыс, Өскемен қаласына қонаққа келіп отырған дирижерлардың көмегімен мастер-класс кеше басталды.
Форумның мақсаты – дирижерлік мектептің дәстүрін сақтау, халық аспаптары оркестрлерінің әлеуетін арттыру және жас музыканттарға бағыт-бағдар беру. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай басқосулар кәсіби әріптестікті нығайтып қана қоймай, қазақтың төл өнерін халықаралық деңгейге шығаруға жол ашады.
Жалғасбек Бегендіков, дирижер:
Осы жергілікті оркестормен келіп, мінекей бірқатар дирижерлар келіп жұмыс жасап жатыр. Олардың бәрі Республикадағы орны бар адамдар. Әрқайсыфсы облыстық оркесторда болсын, қалалық оркесторда болсын, астаналарда болсын барлығы жұмыс жасап бас көрсететін адамдар. Бұның өте сабағы көп болып тұр.
Шара барысында әйгілі орындаушылар сахна төрінде ұлттық музыка мерекесінің мәртебесін көтермек. Домбыраның қос ішегінен төгілген әрбір әуен – ел тарихының үнсіз шежіресі. Бұл форум – сол үннің жаңа ғасырдағы жаңғырығы. Музыка арқылы ұлттың жанына үңілген өнер қайраткерлері бұл жолы да халықтың рухани биігін таныта алды. Қазақ өнері – ғасырлардан жеткен үн.
Талант Тұрсынов