Өскеменде алғаш рет кемелер шеруі ұйымдастырылды. Су көліктері Ертіс бойындағы «Самал» саябағынан бастап кемежайға дейін сап түзеп жүзіп өтті. Шара Ұлттық домбыра күні мен су шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналды.

Мерекені тамашалауға облыс орталығының тұрғындары мен қонақтары ерке ертістің жағасына жиналды.Атаулы күнге аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов қатысты. Көпшілік қайықтардың су бетінде ойқастағанын көріп, таң-тамаша болды. Көк туды желбіреткен 9 кеменің біріне ақсақалдар мен ақ жаулықты аналар мінсе, енді біріне күй күмбірлеткен домбырашылар жайғасты.

Сәуле Ескенова, қала тұрғыны:

Мен негізі көл жағасында өскенмен. Әкем су жағасында жұмыс істеген. Капитан болған. Шеруді қызықтап көруге келдік. Өте керемет болды. Осындай мейрамдар көп болсын.

Өскеменді қақ жарып, Ертіс ақса, оған Батыс Алтайдан арқырап бастау алған Үлбі қосылады. Осындай шаһарда су жолын дамытса, аймақтың экономикасына да айтарлықтай пайда түседі. Тіпті, өзге де қалалардан су трамвайын қызықтап келетін меймандар саны жыл сайын артып келеді.

Аружан Жұмақанова, шараға қатысушы:

Мен басқа қаладан келдім. Кемелер керуені өте ұнады. Эмоциям күші, әдемі. Біздің қаладан мұндай шара болмайды. Біздің қаланың ішіенен өтетін өзендер жоқ.

Шеруге қатысқан көлік құралдары қатарында «Су жолдары» мекемесіне тиесілі «Болат Карентаев», «Алтай», «КС-111» атты үш бірдей теплоход және “BELALEKS” компаниясының бес катері, жеке меншіктегі гидроциклдер, моторлы қайықтарбар. Шерудегі ең жас флотшы Марсель Низаев. Ол небәрі 4-сыныпты тәмәмдаған.

Марсель Низаев, жас теңізші:

Маған теңіз үстіндегі саяхат қатты ұнайды. Әсіресе жүзіп келе жатқанда маған қанат біткендей сезінемін. Өзен трамвайында жас теңізші болып бір жылдан аса уақыт жұмыс істеймін. Қазір жасым 9-да. Арманым – атақты теңізші болу, дүниежүзіне саяхат жасау, мұхитқа шығу.

Биыл мерекелер күнтізбесіне – Теңіз және өзен көлігі қызметкерлерінің күні енгізілді. Ел экономикасы үшін аса маңызды бұл сала мамандары атаулы күнді шілде айының алғашқы жексенбісінде атап өтеді.

Сергей Мирошниченко, өзен кемесінің капитаны:

Мен бұл мамандыққа әкемнің ізімен келдім, ол өз өмірін флотпен байланыстырған адам. Ол капитан болған. Біз Беларусьтен бастап Өскеменнен Семейге дейін қатынадық. Әкем мені кішкентайымнан өзімен бірге 4 сағаттық рейстерге ертіп жүретін. Мен балабақшаға барған жоқпын, әкеммен бірге жүретінмін. 2000 жылы әкем мені осы салаға алып келді.

Су ресурстарына бай шығыста кеме қатынасы қайта жанданып, серпінді дамып келеді. Қала тұрғындарының көңіл көтеретін демалыс түрінің бірі – өзен трамвайларымен саяхат. Соңғы жылдары жолаушылар ағыны қарқынды өсе бастады. Мысалы, су көліктері 2020 жылы 20 мың жолаушыны тасымалдаса, бүгінгі күні бұл көрсеткіш 100 мыңнан асып отыр. Жаңа бағыттар ашылуда. Соның ішінде аса сұранысқа ие маршрут – Өзен вокзалы мен «Самал» саябағы бағыты. Алдағы уақытта Өзен вокзалы – Самал паркі – қалалық жағажай» бағыты іске қосылады деп күтілуде.

Олег Белов, «BELALEKS» ЖШС Өскемен қаласы өзен трамвайлары жобасының ұйымдастырушысы:

Биыл араға 40 жыл салып, алғаш рет өзен көлігі қызметкерлерінің кәсіби мерекесін атап өтудеміз. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш әрі тарихи сәт. Алғаш рет ұйымдастырылып отырған бұл шара осы саланың жаңғыруының бастауы деп білемін. Алдағы уақытта бұл дәстүр жалғасын тауып, ауқымы кеңейіп, қаламыздың тұрғындары мен қонақтарына мерейлі мереке сыйлайды деп сенемін.

Келер жылы мұндай шеруге өзге облыстар мен шекара маңы мемлекеттерінен де қатысушыларды шақыру жоспарланған.


Қымбат Иманғалиева