Облыс әкімдігінде судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі талқыланды. Кеңес барысында демалыс орындарын салалық басқарма өкілдерінің бақылауы мен кезекшілікті қамтамасыз ету шараларына ерекше назар аударылды.

Жиын барысында қатысушылар судағы өлім-жітімді азайтуға бағытталған шараларды талқылады. Ұсыныстар қатарында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу, жағажай аумақтарының жай-күйін тексеру, шағын көлемді қайықтарды бақылауды күшейту бар. Департамент мәліметінше, шомылу маусымындағы рейдтік шаралар мен профилактикалық жұмыстарды жандандыру көзделген.

Исхар Савазов, ШҚО ТЖД басшысының орынбасары:

Биыл департаментке бекітілген 25 су айдынының тек 13-і ғана шомылу маусымына дайындық актісін алу үшін тексеру жүргізуге өтінім берген. Оның біреуі – Алтай ауданынан, біреуі – Зайсан ауданынан, бесеуі – Самар ауданынан және алтауы – Ұлан ауданынан. Осыған байланысты қалалар мен аудандардың жергілікті атқарушы органдарына су айдындарын қайта түгендеуді тапсыруды сұраймын. Ең алдымен, халыққа шомылуға рұқсат етілген қауіпсіз орындарды белгілеу қажет.

Өңір басшысының бірінші орынбасары Жақсылық Омар судағы қауіпсіздікті арттыруға бағытталған нақты ұсыныстарды қысқа мерзімде енгізуді тапсырды.

Жақсылық Омар, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары:

Біз осыдан мынау шомылу маусымы басталатын кезде арнайы жиналыс өткізгенбіз. Сонда айтқанбыз барлық аудан әкімдері өздерінің берілген территорияларында қай жерде суға бататын жер бар соның барлығын біледі. Күнделікті сол жерді тексеру керек. РОВД бар, әкімдіктің қызметкерлері бар, ауыл әкімдіктері бар, көліктеріңіз бар. Күніне бер рет барып, көріп жүру керек.

Мамандар тұрғындарға құтқарушылардың ескертуін елемей, арнайы жағалаудан тыс жерде шомылмауға шақырады.


ДИДАР ЕРБОЛАТҚЫЗЫ