Ұлттық домбыра күнін атап өтуге бағытталған шаралар облыс орталығының әр ауданында өтті. Арбатқа жиналған қала тұрғындары кәсіби музыканттармен бірге күй орындап, жұртшылыққа мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Қазақ қашанда қара домбыраны төрге іліп, қастерлеген. Себебі, домбыра асыл мұрамыз, ұлттық құндылығымыз, басты байлығымыз. Күй мен жыр өрілген рухани кеште аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов та болды. Облыс әкімі қала тұрғындарын атаулы мерекемен құттықтап, домбыраның ұрпақтар сабақтастығының нышаны екенін атап өтті. Шарада жастар белсенділік танытты. Солардың бірі – Глубокое ауданынан келген домбырашы Дәулет Дәуренұлы.

Дәулет Дәуренұлы, домбырашы:

Домбыраны ойнағанды өте ұнатамын. Осы домбыра ойнағанды үш жыл бұрын бастадым. Менің сүйікті күйлерім «Көреғылы», «Адай», «Ерке сылқым», «Балбырауын», «Әлқиса» т.б. 17 ден астам күйлерді білемін.

Кештің көркін аша түскен сәттердің бірі – мәдениет саласының үздігі, филармонияның белгілі әншісі Ботагөз Жұмабекованың орындауындағы әсерлі ән болды. Домбыра үнімен үндескен сырлы әуен көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Ерасыл Ринатов, Халық әртістері ағайынды Абдуллиндер атындағы ШҚ өнер училищесінің оқытушысы:

Ұйымдастырылған мерекеміздің ауа – райының бұзылуына байланысты жаңбыр, төгіп, жел соғып апарат өшіп қалып, микрафондар болмай соған қарамастан домбырамызды алып, тірі дауыста екі кішкентай баламыз бар, өзіміздің оркест әртістермен бірігіп жақсы бір кеш бердік деп айта аламын. Халық риза, қошеметтен басқа не тілейміз енді. Бізге керегі сол.

Ботагөз Жұмабекова, ШҚО филармониясының солисі:

Домбыра – қазақтың жаны, жүрегінің лүпілі. Оның қос ішегінде ғасырлар сыры, бабалар рухы, ұлттың болмысы жатыр. Осындай керемет кеш өткеніне қуаныштымыз. Көрермендерге көтеріңкі көңіл – күй сыйлауға барынша тырыстық.

Кеш соңында домбыраның қос ішегінен төгілген әуен Арбатты шын мәнінде елдік пен руханияттың ордасына айналдырды. Бұл мереке тек күй тарту емес, елдің бірлігі мен мәдениетке деген құрметін паш еткен айтулы күн болды.


Гүлдана Айдарқызы