Аймақта республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасуда. Бұл жолы Шемонаиха қаласының іргесіндегі Үлбі өзенінің жағасы қоқыстан тазартылды. Жаз бойы демалушылар көп келетін бұл аймақта туристер аяғы үзілмейді. «Таза жағалау» атауымен өткен экологиялық шараға қала тұрғындары да атсалысты.
Туған жердің тазалығы әр адамға парыз болса, «Таза Қазақстан» акциясы соның алғышартын қалыптастыратын дәстүрге айналды. Оны осы акцияға тұрақты қатысып жүрген Альбина Уколованың сөзінен аңғаруға болады.
Альбина Уколова, «JASYL EL» жастар еңбек жасақтарының сарбазы:
Жасым 18-де. Мен бұл акцияға 2023 жылдан бері үзбей қатысып келемін. Биыл, міне, үшінші жыл. «Таза Қазақстан» жобасының арқасында ауданымызда табиғатқа жанашыр, тазалыққа жауапкершілікпен қарайтын жастардың қатары көбейіп келеді.
Облыстық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған акцияға волонтерлар ұйымы мен эко белсенділер қатысты. Олар тек қоқыс жинап қана қоймай, жағажайға келген демалушыларға экологиялық мәдениет жөнінде түсіндіру жұмыстарын да жүргізді.
Маргарита Савинова, Шемонаиха аудандық жастар ресурстық орталығының директоры:
Біз жыл сайын Үлбі өзенінің жағалауына кемінде бес рет шығып, тазалық жұмыстарын жүргіземіз. Бұл - бір реттік емес, тұрақты түрде ұйымдастырылатын экологиялық акция. Оған эко-белсенділер және аудандағы жастар ұйымының мүшелері қатысады. Үнемі өткізіп тұрамыз нәтижесінде жағажайлар таза тұрады.
Қоршаған ортаны қорғауға бағытталған мұндай шаралар ауданда алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Кәусар Идаятқызы