Талдықорғаннан велосипедпен жолға шыққан экобелсенді Сапар Жаймурзин Өскеменге жетті. Ол «Ұлы Даланың Жасыл Елшісі» деп аталатын экологиялық бастама аясында еліміздің барлық аймағын аралап шықпақ ниетте. Ауқымды жоба - Қазақстанда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттыруға бағытталған.

Сапар Аманжолұлы – экологиялық мәселелерді қоғамға жеткізуді мақсат еткен жан. Ол бұл жолға ұзақ дайындалған. Оның айтуынша, еліміздің басым бөлігінде қоршаған ортаны қорғау тақырыбы әліде өзекті.

Сапар Жаймурзин, экобелсенді:

Қазақстанды жай ғана аралап шығу бұл бөлек әңгіме. Ал аралай жүріп мәселелрді көтеру, халықпен жүздесу, қоршаған ортаға пайдаңды тигізу бұл ерекше сезім. Жолай әр ауданда тоқтап, партия өкілдерімен сұхбаттасып, өзекті сұрақтардың шешмін қарастырдық. Парламент деңгейінде мәселені талқылауға ниеттіміз.. Қай жерде болмасын қоқыс мәселесі, ауаның ластануы, су ресурстарының тапшылығы – бәрі де өткір күйде тұр. Жалпы алғанда, су мәселесі, әсіресе суару жүйесі – Орта Азия үшін өте маңызды тақырып. Бұл – балаларымыздың болашағына тікелей әсер ететін мәселе. Сондықтан проблеманы елемеуге болмайды

Велошеру Алматыдан басталып, Талдықорған арқылы Шығыс Қазақстан бағытында жалғасқан. Жол бойында Сапар Аманжолұлы экобелсенділермен, жастармен және жергілікті тұрғындармен кездесулер өткізіп, экологиялық мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Әли Мұсабек, қала тұрғыны:

Егер әр адам қала тазалығына жауапкершілікпен қараса экологиялық мәселе де азаяр еді. Аптасына тіпті жарты сағатын арнап отырса қоршаған ортаға тигізер пайдасы орасан зор болар еді. Мұндай бастамалар халықтың экомәдениетін қалыптастыруға тиек болары сөзсіз.

Экологиялық велоэкспедицияны «Байтақ» жасылдар партиясы ұйымдастырды. Мұндай ауқымды әрі күрделі экосаяхат ел тарихында алғаш рет қолға алынып отыр. Бұл бастама белсенді өмір салтын насихаттаумен қатар, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қоршаған ортаға қамқорлықпен қарауға шақыруды көздейді.

Алмаз Жакишев, «Байтақ» партиясының ШҚОФ атқарушы хатшысы:

Бұл кісі 140 күннің ішінде бүкіл Қазақстанды айналып шығу мақсаты. Бірінші осы ШҚО келіп отыр. Алматы-Өскемен бағыты бойынша. Қазіргі кезде 1080 шақырымды басып өтті.

Сапар Жаймурзиннің келесі бағыты – Абай облысы. Осылайша, Қазақстанның ұлан байтақ даласын аралап, халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру және табиғатқа деген жауапкершілікті арттыру – саяхатшының негізгі мақсаты.


Қымбат Иманғалиева