Шығыс Қазақстан облысында «AMANAT» партиясының қолдауымен «Жұмысшы жастар аманаты» атты жаңа жоба таныстырылды. Бұл бастама еліміздегі еңбекші жастарға қолдау көрсетіп, олардың әлеуетін дамытуға бағытталған. Жобаның тұсауы Горная Ульбинка ауылында өткен «Жастар Рухы» республикалық саяси лагерінде кесілді.
«Жұмысшы жастар аманаты». «AMANAT» партиясының қолдауымен жаңа жоба басталды. Бұл жөнінде Мәжіліс Төрағасы, партия жетекшісі Ерлан Қошанов мәлімдеді. Оның айтуынша, дарынды көшбасшыларды дәл осы жұмысшы жастардың арасынан іздеудің маңызы зор. Сондықтан осындай жастарды партияның кадрлық резервіне енгізіп, олардың мемлекеттік басқару саласына араласуына жағдай жасау маңызды. Жоба аясында биыл жастар лагеріне түрлі салада қызмет етіп жүрген 200-ге жуық жұмысшы жас мамандар жиналды. Арасында инженерлер, металлургтер мен кен өндірісінде еңбек ететін жастар бар.
ЕРЛАН ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
Адал азамат қашанда абыройлы, адал азамат қашанда бағалы. Бұл мемлекет басшысының басты тұжырымдамасы. Осыны ескеріп Президент 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар» жылы деп жариялағанын өздеріңіз білесіздер. Осы ретте «AMANAT» партиясы «Жұмысшы жастар аманаты» деген жаңа жобаны бастайын деп отыр. Мақсаты – жұмысшы жастардың әлеуметтік мәселесін шешуге ықпал ету. Аз сөйлеп, көп іс тыныдыратын да осы біздің жұмысшы жастарымыз. Сондықтан біз тікелей жұмысшы жастармен жұмыс істеуіміз керек.
БЕКАРЫС СЕКЕН