Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов сол жағалау шағын ауданының тұрғындарымен кездесіп, бірқатар өзекті мәселелерді талқылады. Ықшам ауданда шешілмеген мәселе көп. Тұрғындар кездесуде жол, көше шамдарының жетіспеушілігі, балалар ойын алаңының жоқтығын айтты.

Ықшам ауданда жылумен қамту, қоғамдық көлік қозғалысы мен тұрғын үй қатынастарына қатысты түйткілдер бар. Облыс орталығының әкімі аталған мәселелер алдағы уақытта шешімін табатынын айтты. Биыл бір көшеге асфальт төселеді, тоғыз көше жарықпен қамтылады. Бұдан бөлек, Серебрянская, Рощина, Строителей, Байкальская көшелері мен Прибрежный тұйығында жолдарға қиыршық тас төсеу жоспарланған. Балалар ойын алаңдары да көп ұзамай қолданысқа беріледі. Тұрғындар жағы шаһар басшысына аурухана мен қалаға шығатын қосымша жол салуды сұрады. Теміржол өткелінің құрылысы да кезек күттірмейтін мәселенің бірі.

Жауапты мекеме өкілі жобалау жұмыстарының басталғанын айтты. Алайда жобаның нақты құны әзірге белгісіз. Жұртты алаңдатқан тағы бір мәселе – жылумен қамту. Ықшам ауданда 17 көп қабатты тұрғын үй бар. Қыста жылуға төлейтін сомма 40-50 мыңға дейін барып, қарапайым халықтың қалтасына ауыр тиетін көрінеді.

Шаһар басшысы мәселенің өзектілігін жасырмады. Мұнда кеңестік кезеңнен қалған бірнеше жылу жүйелері бар. Сондықтан, бұл нысандардың құжаттарымен, мекеме қызметімен танысу қажет. Уақыт пен қаржат жағын да ескерген жөн, деді қала әкімі. Сонымен қатар, Алмат Ақышов қоғамдық көліктің жұмысын реттеуді салалық бөлімге тапсырды. Ал тұрғын үй қатынастарына қатысты мәселелер бойынша жауапты мамандар азаматтармен жеке кездесу өткізеді.

Қала әкімі жиында көтерілген ұсыныс-пікірлер түгелдей ескеріліп, нақты жоспар аясында кезең-кезеңмен шешімін табатынын айтты.