«Заң мен тәртіп» қағидасын қоғамға сіңіру басқаша бағыт алды. Бұл ретте Самар аудандық прокуратурасының бастамасымен ұйымдастырылған байқауды айтса болады. Құқық қорғау органдары, Жастар бөлімі мен Білім бөлімі бірлесіп мектеп оқушылары және колледж студенттері арасында қойылымдар байқауын өткізді. Берілген тапсырмаға жастар тыңғылықты дайындалып келген.
Аудандық мәдениет үйінің сахнасы бүгін әдеттегіден ерекше. Театрландырылған қойылымдар келген көрерменді бірден баурап алды. Мектеп оқушылары мен студенттер өнерлерін ортаға салып, өз ойларын жеткізді. Қойылым арқылы есірткінің зиянын түсіндіріп, алаяқтықтың түбі құрдым екенін айтты.
Әр қойылымға қатысушылар тақырып қойып, идеясын өздері ойлап тапқан. Жастардың шығармашылығын шыңдаған байқауға қатысуға ниет білдіргендер көп. Абай орта мектебі шәкірттері қойған қойылым Арман есімді жігіттің шырғалаңға түскенін көрсетеді. Бәрі жеткізуші болып жалданып жұмыс істеймін деп, есірткі тасып жүргенін білмегеннен басталады. Уайымға салынып жақындары, анасы қалады.
Ұйымдастырушылар командалардың өнеріне баға беріп қана қоймай, марапаттарын табыстады. Жеке номинациялар да өз иелерін тапты. Ал бірінші орынды аққалалық оқушылар алды.
Прокуратура қызметкерлері жиналыстан гөрі осындай форматта өткізген шара әлдеқайда пайдалы дейді. Әсіресе, ел ертеңі жастардың санасына қонымды.