Облыс орталығында су тасқынына қарсы жаңа цифрлық жүйе таныстырылды. Заманауи бақылау платформасы төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған. Жобаның таныстырылымы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Ростислав Коняшкиннің өңірге жұмыс сапары аясында өтті.

Аймаққа келген вице-министр аталған жобаның тәжірибелік маңызын ерекше атап өтті. Бұл жүйе төтенше жағдайлардың алдын алуда және су тасқыны жағдайын тәулік бойы нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді.

Аймақтағы №1 Халыққа қызмет көрсету орталығы жаңа форматта жұмыс істей бастады. Мекеме толығымен жаңғыртылып, заманауи талаптарға сай қайта жабдықталды. Жаңартылған орталықтың жұмысымен вице-министр арнайы келіп танысты. Қазіргі таңда мекеме тұрғындарға мемлекеттік қызметтерді бұрынғыдан да жылдам әрі ыңғайлы түрде ұсынуға мүмкіндік алып отыр.

Кездесу барысында цифрландыру, инновациялық даму және мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру мәселелері кеңінен талқыланды. Бұдан бөлек, электронды құжат айналымы жағдайында азаматтардың жеке деректерін қорғау басты назарда болатыны айтылды.