ҚР Парламенті Сенатының депутаттары өңірге жұмыс сапарымен келіп, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асқан бірқатар әлеуметтік жобалармен танысты. Делегация құрамында Қаржы және бюджет комитетінің мүшелері, Ұлттық экономика министрлігінің өкілдері бар.

Қазір елде жалпы құны 1,2 триллион теңгені құрайтын 789 жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы жүзеге асырылып жатыр. Шығыс Қазақстан бұл бағытта алдыңғы қатарда. Сенаторлар аралаған алғашқы нысан – Өскемендегі №37 көпсалалы мектеп. Мұнда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жаңғыртылған асхана жұмыс істеп тұр. Өңір кәсіпкері жобаға 25 миллион теңге инвестиция салып, оқу ордасында асхананы заманауи, ыңғайлы етіп жабдықтады. Енді алдағы жеті жыл бойы балаларға қолжетімді, сапалы қызмет көрсетпек.

Келесі нысан – Б.Александров атындағы Спорт сарайы. 2018 жылдан бастап бұл нысан «Алма Сервис» ЖШС-нің қарауына берілген. «Казцинк» компаниясының қолдауымен мұнда жүздеген спортшы кәсіби жаттығуларын жалғастырып келеді. Делегация өкілдері аймақта тек қана әлеуметтік салада ғана емес, басқа да бағыттарда мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті нығайту жолдарын жолға қоймақ.

Аталған жоба негізінде ашылған тағы бір нысан – «MURAGER» балабақшасы. Жеке кәсіпкердің бастамасымен салынған бұл мекеме бүгінде бүлдіршіндерге сапалы тәрбие мен білім беруде. Сенаторлар комитеттің жылжымалы отырысында өңірдегі жобаларға оң бағасын беріп, алдағы уақытта барлық ұсыныстар талқыланатынын айтты.