«Ұлттық құндылық. Қазақ этнографиясы және жазушы, этнограф Зейнолла Сәнік». Осындай атаумен ұйымдастырылған республикалық экспедицияның мүшелері өңірге іс-сапармен келді. Зиялы қауым өкілдері С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде оқытушылармен және студенттермен кездесу өткізді.
Биыл көрнекті жазушы, этнограф, ғалым Зейнолла Сәніктің туғанына 90 жыл. Саналы ғұмырын Қытай Халық Республикасында өткізсе де, ол қазақтың төл әдебиеті мен этнографиясын зерттеуде құнды мұра қалдырды. Кездесу барысында қаламгердің ғылыми және шығармашылық мұрасы кеңінен таныстырылып, көпшілікке насихатталды.
Шара аясында тың ғылыми ойлар ортаға салынып, Зейнолла Сәнік мұрасының маңызы жан-жақты талданды. Бұл экспедиция ұрпақ алдында ұлттық құндылықтарды дәріптеуге арналған тағылымды бастама ретінде бағаланды. Мұндай жобалар ел руханиятын жаңғырту жолындағы маңызды қадам екені сөзсіз.