Өскеменде техникалық және кәсіптік және орта білім беру ұйымдарының педагогтері арасында энергетика саласы бойынша республикалық кәсіби шеберлік байқауы басталды. Бұл сайыс аймақта осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр. Конкурста еліміздің әр аймағынан келген 17 ұстаз бақ сынасады.
Шара Өскемен жоғары политехникалық колледжінің қабырғасында ұйымдастырылды. Конкурсқа қатысуға республиканың түпкір-түпкірінен білікті мамандар жиналған. Мұнда пән оқытушылары, өндірістік оқыту шеберлері кәсіби шеберліктерін көрсетіп, кіл мықтыны анықтайды. Олардың қатарында Түркістандық Бақдәулет Танишевте бар.
2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялау, елдің дамуы үшін жасалған маңызды қадам. Қазіргі таңда еңбек нарығында техникалық мамандықтар сұранысқа ие. Әсіресе, энергетика саласы. Сондықтан қатысушылар мұндай шаралардың маңызы зор, дейді.
Конкурс үш кезеңнен тұрады. «World Skills» чемпионатының талаптарына сай өтеді. Ал, әр аймақтан келген 17 сарапшы үздіктерді анықтайды.
Өскемен жоғары политехникалық колледжі жетпіс жылдан астам уақыт энергетик мамандарды даярлап келеді. Оның ішінде бес мамандық осы салаға арналған.
Байқау үш күнге созылып, қорытындысы 23 мамырда белгілі болады. Мұндай кең ауқымды шаралар педагог мәртебесінің артуына, мамандардың өзара тәжірибе алмасуына септігін тигізеді.