Жаздың аптап ыстығында бос уақытын жағалауда өткізетіндердің қарасы қалың болары сөзсіз. Алайда, әрбір демалушы қауіпсіздік шарасын қаперде ұстағаны абзал. Осы орайда облыстық Төтенше жағдайлар департаменті көшпелі брифинг өткізіп, су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары туралы егжей-тегжейлі баяндады.

Облыс әкімдігінің қаулысына сәйкес, биыл жазғы демалыс маусымына өңір бойынша 25 жағажай учаскесі бекітілген. Алайда, мамандардың айтуынша, олардың тек 8-і ғана қауіпсіздік талаптарына сай жабдықталған. Бұл жағажайлар Өскемен, Риддер қалаларында және Ұлан ауданында орналасқан. Ал қалған 17 жерде тиісті талаптар әлі толық орындалмаған. Бұдан бөлек, облыстық мәслихат шешімімен 74 орында шомылуға, ал 29 жерде шағын көлемді кемелерде жүзуге қатаң тыйым салынған.

Өткен шомылу маусымында құтқарушылар 23 адамның, оның ішінде 4 баланың өмірін сақтап қалған. Дегенмен, рұқсат етілмеген орындарда суға түскен төрт адам қаза тапқан. Мамандардың айтуынша, мұндай оқиғаларға көбіне жабдықталмаған жағажайларда шомылу, қауіпсіздік ережелерін елемеу, жүзе алмау және балаларды қараусыз қалдыру себеп болады.

 «Сақтансаң, сақтайды», - дейді халқымыз. Сондықтан, құтқарушылар арнайы белгіленген жерлерде ғана суға түсуге және қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырды.