ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің шығыстағы Департаменті «Адалдық сағаты» шарасын ұйымдастырды. Мақсат – жемқорлықпен күресті күшейту, ақпараттандыру, түсіндірме жұмыстарын жүргізу. Жемқорлықпен күресте қоғам саналы түрде бірлесе әрекет етуі тиіс. Әйтпегенде бармақ басты, көз қыстылық әрекеттерді түбегейлі жою мүмкін емес. Өңір жастарымен кездескен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері осылай деді.

Жемқорлықпен күрес тек мемлекеттік органдардың ғана емес, жалпы қоғам болып жұмыла шешетін ортақ міндет. Өскеменде өткен «Адалдық сағаты» шарасына жиналған жастардың пікірі осындай. Солардың бірі - Мейірім Зарлыканов. Ол елде сыбайлас жемқорлықпен күрес жүйесі жыл сайын жаңғыртылып, жаңа қарқын алып келеді дейді.

Республикалық «Адалдық сағаты» акциясы жылдағы дәстүрге сай білім ошақтарында оқу жылы басталғанда ұйымдастырылады.

Жоғарғы оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамы мұндай шаралардың жастарға берері мол деп отыр.

Кездесу «еркін микрофон» форматында жалғасын тапты. Студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, оларға толық жауап алды.