Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында атап өткендей биыл елімізде 12 мың шақырымға жуық жол салынып, жөнделеді. Қазақстанда мұндай ауқымды жұмыс бұрын-соңды болмаған. Астана-Алматы, Ақтөбе-Атырау-Астрахань, Талдықорған-Өскемен бағытындағы күре жолдарды қайта жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын дейді мамандар. 2,5 мың шақырымға созылатын облысаралық және ауданаралық жолдарды орта деңгейде жөндеуге арналған бағдарламаның мән-маңызы зор. Дәл осы жолдармен жұрт өте жиі жүреді. Сондықтан да, мемлекет басшысы бағдарламаның ауқымын кеңейтіп, оған кемінде 10 мың шақырым жолды қамтуды тапсырды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жалпы ұзындығы 768 шақырым болатын «Талдықорған-Қалбатау-Өскемен» автожолын қайта жаңарту жобасы 2019 жылы қолға алынған. Бұл жолдың 102 шақырымы «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ ШҚОФ бекітілген. Бірнеше жылдан бері салынып келе жатқан жолдың жалпы құны 33,3 млрд теңге.
Бүгінде облысқа қарасты жол бөлігі 100% асфальтталды. Ендігі кезекте арнайы белгілерді орнатып, жолақтарды сызу, жарықтандыру жұмыстары басталды.
Мемлекет басшысының айтуынша мұнда саннан гөрі сапа маңыздырақ. Сол үшін инновациялық заманауи әдіс-тәсілдерді кеңінен қолданған абзал. Бұдан бөлек, президент жұмысқа қоғамдық бақылауды күшейту үшін бірыңғай цифрлық платформаны іске қосуды тапсырды. Ал, автокөлік жүргізушілерінің басты қалауы - жол сапасы.
Алдағы уақтта жол жөндеу жұмыстары толығымен аяқталып, қолданысқа берілмек.