Облыс әкімі Ермек Көшербаевтың тапсырмасымен құрылған жұмыс тобы Күршім ауданындағы Балықшы ауылдық округіне барып қайтты. Бірқатар басқарма басшылары халықпен кездесіп, ауылдың тыныс-тіршілігімен танысты.
Зайсан көлі жағалауындағы Балықшы ауылдық округіне қарасты Ақсуат, Жолнұсқау, Аманат ауылдарының халқы тіршілігін көк айдынмен байланыстырып, нәпақасын судан тауып келеді. Олар көлден балық аулап, оны аудан орталығындағы «Төре Тоғам» балық зауытына өткізеді. Алайда соңғы бірнеше ай бойы балықшылар жалақы алмағандарын айтып аудан әкімдігіне шағымданған. Жалақы алмаған соң ауыл азаматтарының күн көрісі қиындаған. Әсіресе, жаңа оқу жылына балаларын мектепке дайындап үлгермеген көпбалалы отбасылардың қиналғаны соншалық, кейбірі жұмыс іздеп облыс орталығына аттанған. «Бұлай жалғаса берсе, енді отбасымен толық көшіп, ауылда адам қалмауы мүмкін», - дейді Ақсуат ауылының тұрғындары.
Бұл мәселе бойынша «Төре Тоғам» ЖШС басшысы Нұрлан Қасымханов тұрғындармен кездесуде жауап берді. Оның айтуынша, балық зауытында тексеру жұмыстары жүріп жатқандықтан балықшылар жалақысында сәл кешігу болды. Бірақ барлығы ойдағыдай шешімін таппақ.
Бұдан кейін ауданға келген жұмыс тобы Жолнұсқау ауылына ат басын бұрды. Басқарма басшылары халықпен жүздесіп, ауылдағы өзекті мәселелерді тыңдап қайтты. Бұл жердегі басты мәселе де төленбеген жалақы. Сонымен қатар, тұрғындарды алаңдатқан тағы бір жайт көлдегі қойылмалы сүзгі аулардың заңдылығы. Себебі, бұған дейін құрылған сүзгі ау бірнеше жылда көлдегі қарабалық, шортан, алабұға, табан сынды балықтардың сиреп кетуіне әкеліп соққандықтан қайта алынып тасталған. «Енді, міне қайтадан орнатылған сүзгі көлдегі қалған балық түрлерінің жоғалуына әкелуі мүмкін», - дейді ауыл азаматтары.
Ал Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Талғат Рахымжановтың сөзіне сенсек, «Төре Тоғам» ЖШС қолданып отырған сүзгі ау Ауылшаруашылығы министрлігінің бұйырығымен рұқсат етілген кәсіптік балық аулау құралы. Тұрғындардың алаңдауына еш негіз жоқ.
Жұмыс тобының өкілдеріне тұрғындар ауылға адам көшіріп әкелу, жол салу жағынан көмектесулерін сұрады. Сондай-ақ, ауылдардағы маман тапшылығын айтты. Мәселен, Жолнұсқау ауылындағы медпунктте тек бір фельдшер мен бір тазалық қызметкері жұмсы істейтіндігі айтылды. Олар демалыссыз, үзіліссіз басы ауырып, балтыры сыздағандары қабылдайды.
«Ауылдардағы адам санының азайып жатқандығы да шешімін табатын мәселе»,- деді Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Альмира Әскерханқызы. Ол үшін аймаққа оңтүстік өңірлерден ауылға адам тарту керек. Ал аудан әкімі Алмат Ақышов ауыл тұрғындары айтқан мәселелермен түгел таныс екендігін, тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын айтты.