Аймақта «Шығыс салбурыны 2025» фестивалі басталды. Қатарынан бесінші рет ұйымдастырылған додаға Моңғолия, Қытай, Мажарстан, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы мен Испанияның құсбегілері қатысады. Шараға жүзден аса бүркітші тіркелген.
Шараның салтанатты ашылу рәсіміне республикалық «Құсбегілік» федерациясының вице-президенті Бағдат Мүптекеқызы мен Ұлан ауданының әкімі Арман Бекбосынов қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі. Жарыста барлығы 20 команда бақ сынайды. Сайыс құс салудың үш түрі бойынша ұйымдастырылған. Атап айтқанда, құсбегілер бүркіт, ителгі және қаршығамен аң қағудан өзара мықтыларын анықтайды.
Төлеубек Адамалиев, Халықаралық дәрежедегі төреші:
Биыл Қазақстанға екінші жыл қатарынан төреші болып келдім. Жарыс тартысты басталды. Барлық қатысушыларға сәттілік тілейміз! Қазақ қырғыз бір туған ғой. Біздің елімізде де осындай жарыстар жиі ұйымдастырылады. Мұнда қыран құстардың ұшу жылдамдығы бірінші кезекте бағаланады.
Доданың алғашқы күні бүркітті қолға шақыру, шырға салудан сайыс өтті. Жарысқа қатысушылардың бірі - «Шығыстың шынары» атымен танымал бүркітші қыз Айзере Марксқызы. Ол небәрі 8 жасында қия шыңға өрмелеп, бүркіттің балапанын өзі алған.
Айзере Марксқызы, құсбегі:
Қолымдағы қыранымның есімі – Саятай. Балапан құс, жасы бірде. Бұл алғашқы жарысы. Құсбегілікке келуімнің себебі – әкем. Әкем қасымда жүретін. Содан кейін махаббатым ашылды.
Өзге елден келген құсбегілер Қазақстанның қонақжайлығы мен әсем табиғатына таңданыстарын жасырмады.
Александр Малахов, құсбегі (РФ):
Салбұрынға биыл екінші мәрте қатысып отырмын. Қыран құс баптап, саятшылықпен айналысып жүргеніме 10 жылдай уақыт болды. Осы жолғы дүбірлі жарыста қазақ халқының құсбегілік өнерімен етене танысып, өзара тәжірибе алмасамыз. Меніңше, бұл өңірде ұлттық спорт түрлері қарқынды дамып келеді.
Гергей Бодиш, құсбегі (Мажарстан):
Қазақстанға алғаш рет келіп отырмын. Мұнда дәстүрлі бүркітшілк өнерін өз көзіммен көріп, бағымды байқап көру мақсатында келдім. Жарыста қандай нәтиже болатынын білмеймін, бірақ, бар күшімді салатын боламын. Ең бастысы – осындай бай мәдениеттің бір бөлігі болу мен үшін үлкен мәртебе. Қазақ халқының қонақжайлығына ерекше ризамын.
«Шығыс салбурыны-2025» халықаралық фестивалі аясында Бозанбай ауылындағы Бүркіттөбе алаңында 40 жуық киіз үй тігілді. Қазақ халқының ұлттық қолөнерін дәріптеуге және жәрмеңке өткізуге барлық аудан атсалысып жатыр. Бұл фестиваль - қазақ халқының салт-дәстүрін жаңғыртып, туризмді дамытуға септігін тигізеді.
Қымбат Иманғали