Шығыс Қазақстан облысы - еліміздің агроөнеркәсіптік саласын дамытуда алдыңғы лекте тұрған өңір. Мұнда егін және мал шаруашылығы тұрақты қарқынмен дамып, еңбек өнімділігі жыл сайын артып келеді. Биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша облыстан экспортталған ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 343 млн. АҚШ долларынан асты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай жоғары көрсеткіш. Жұмыс сапарымен келген ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Глубокое ауданындағы Опытное поле ауылында егін жинау барысымен танысты.
Бұдан бөлек, делегация мүшелері Шемонаиха ауданындағы «Камышинское» шаруа қожалығына барып, сүт өндірісінің жағдайын көрді. Министр өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуеті жоғары деп бағалады.Шемонаиха ауданындағы «Камышинское» шаруа қожалығы - өңірдегі табысты еңбек етіп отырған шаруашылықтардың бірі. Мұнда ірі қара өсіріліп, жоғары сапалы сүт өндіріледі. Ерекшелігі - қожалық мемлекеттен несие алмай-ақ өз күшімен дамып келеді. Шаруалар заманауи технологияларды қолданып, өнім көлемін жыл сайын арттыруда. Қазір мұнда өндірілген сүт облыс орталығына және көршілес аудандарға жөнелтіледі.
Владимир Акулов, «Камышинское» ШҚ басшысы:
Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы министрлігінің жұмысында оң өзгерістер байқалады. Бұрын болған вакцина мен зертхана мәселелері шешімін тауып, өңірде жаңа зертхана ашылды. Шаруалар - облыс әкімі мен министрдің салаға қолдауын жоғары бағалайды. Менің қожалығымда қазіргі таңда 6,5 мыңнан астам ірі қара бар, тәулігіне 48 тоннаға дейін сүт өндіріледі. Өнім өңірдің бірнеше зауытына жеткізіліп, ішкі нарықты қамтамасыз етіп отыр.