1-9 қыркүйек аралығында Румынияның Клуж-Напока қаласында киокушинкай-кан каратэден өткен Еуропа чемпионатында аймақ спортшылары сәтті өнер көрсетті. Халықаралық додада шығысқазақстандық төрт спортшы сынға түсті. Жүлдегерлерді жанкүйерлері мен туған-туысқандары, ата-аналары әуежайдан күтіп алды.
Шығысқазақстандық спортшылар Еуропа біріншілігінде каратенің ката және кумите түрлері бойынша өнер көрсетті. Байрақты бәсекеде Ақерке Болатова 55 келі салмақ дәрежесінде ката және кумите түрлері бойынша сынға түсті. Жас өрен турнир жеңімпазы атанды. Жеңімпаздар арасынан Алдияр Талғатовта көрінді. Ал Мәулия Талғат каратенің екі санаты бойынша кездесу өткізіп екінші және үшінші орынға табан тіреді. Ақат Сәбитұлы кумите сынында қола жүлдегер атанды.
Байрақты бәсекеде ел құрамасының сапында 13 спортшы өнер көрсетіп, жалпы командалық есепте 3 орынға табан тіреді.
Тартысты бәсекеде топ жарып, ел намысын қорғаған спортышлардың ата-аналары балалары үшін қуанышты. Спортшылар болашақта олимпиада ойындарынының жеңімпазы атануды көздеп отыр.