13-14 қыркүйек аралығында өңірде паралимпиадалық ат спортына ел біріншілігі өтті. Додаға Ақтөбе, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облыстарының спортшылары қатысты. Ел біріншілігі Глубокое ауданының Винное ауылында орналасқан «Титан» ат клубында ұйымдастырылды.

Паралимпиадалық ат спорты мүмкіндігі шектеулі спортшыларға арналған. Сайыс ережесіне сай тірек-қимыл аппараты бұзылған шабандоздар атқа міну шеберлігімен сынға түсіп, өз ара кім мықтыны анықтады. Біріншілікке елдің 5 өңірінен 25 спортшы жиналды. Олардың арасында Ақтөбе облысының намысын арқалап келген Сұлтан Жасыбай да бар. Сұлтан Жасыбайдың бұл спорт түрімен айналысқанына 6 жылдан асқан. Осы уақыт аралығында бірнеше республикалық және халықаралық сайыстардың жүлдегері атанған.

ШҚО құрамасы бұл сынға тыңғылықты дайындықпен келген. Сайысқа түскен спортшылар санымен де көш бастап тұр. Өскемен қаласының атынан өнер көрсеткен Ренат Бектұрсынов ел біріншілігі жоғарғы деңгейде ұйымдастырылғанын айтады..

Пара ат спорты бойынша өткізілетін бұл дода «Титан» ат спорты клубының базасында «Ақ Тай» қоғамдық бірлестігінің «Мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау қорымен» бірге 2017 жылдан бері өткізіліп келеді. Сайыстың бас демеушісі «Казцинк» ЖШС.

Бүгінгі таңда тек осы орталықта ғана пара ат спортымен айналысуға бар жағдай жасалған.

Жарыс қортындысы бойынша жеке сында V деңгей санатында өнер көрсеткен Атыраулық спортшы Аманқос Төлешов топ жарды.Ал IV санатта Ақтөбе қаласының шабандозы Сұлтан Жасыбай жеңімпаз атанды. III деңгей бойынша Атырау қаласының намысын арқалап келген Айсұлтан Дүйсалиев қарсыластарын қапы қалдырды. Өскемендік Елена Шишаева II деңгей санатында жеңіске жетті. I деңгей бойынша сынға түскен Райхан Байырқанова бірінші орын иеленді.