Туберкулезбен күрес қалай жүруде? Өңірде ахуал қандай? Аймақтағы жағдай туралы облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәуле Слямғазина брифинг барысында айтты. Брифингте ауруды алдын алу шаралары, атқарылып жатқан жұмыс сөз болды.
Туберкулез ауруы әлеуметтік және медициналық мәселе ретінде тіркелгендіктен, алдын алу және емдеу ісінде кідіріс жоқ. Дәрігерлер білімі мен біліктілігін арттырып, бекітілген талапқа сай азаматтарға қызмет көрсетуде.
Мамандар аймақтағы туберкулезбен ауырғандар санын азайту үшін қарапайым алдын-алу ережелерін ескерген жөн екендігін айтады. Мәселен, жылына бір рет флюрографиялық тексеруден өтуі шарт. Жөтел мен әлсіздік пайда болған кезде өздігінен ем қабылдаумен айналыспай, бірден дәрігерге жүгінген абзал. Себебі, қауіпті кеселді неғұрлым ерте кезден анықтаса, оны емдеу де соғұрлым жеңіл болмақ.
Талайға қатер төндірген дерттен әлі де болса толықтай құтылу мүмкін болмай тұр. Дегенмен, өзін-өзі күту арқылы аурудың алдын алуға болады дейді, сала мамандары.