Биыл «Жол жылы» болып бекітілген еді. Осы орайда Тарбағатай ауданында атқарылып жатқан шаруа мол. Қайта құрылған ауданның абаттандырылуы, инфрақұрылымы тиісті деңгейде қолға алынған. Осы жылы бірнеше ауылдың көшесіне асфальт төселді.
Жаңғырып жатқан ауылдардың бірі орталық – Ақжар ауылы. Ауданның бас елді мекенінің бірнеше көшесіне тасжол төселген. Қарқынды жұмыс тоқтамақ емес. Себебі, ауданның экономикалық жағынан алға ілгерілеуі логистикаға тікелей байланысты. Ауыларалық, ауылішілік жолдарды кезек-кезекпен жаңартып отырмақ.
Жолды салып қана қоймай, сапалы етіп дер кезінде пайдалануға беру маңызды. Жауапты мердігер мекеме өкілі жұмыс жүйелі жүріп жатыр деп сендірді.
Қара жол емес, асфальт көшемен жүру ең бірінші тұрғындар игілігі үшін. Ауылдағы ағайын жаңа жолға риза. Ең алдымен балалардың қауіпсіздігі үшін жақсы болды, дейді.
Аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары, құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі өкілінің айтуынша, биыл әрбір шақырым жолдың құны 70 млн теңгеден асады екен.