Білім ошақтарының түлектері жаңа форматтағы ауылдың темірқазығына айналуы тиіс. Ал ауыл шаруашылығы озық мамандар арқылы өркендейді. Аймақта осы саладағы кадрларды даярлау ісімен айналысып келе жатқан оқу орындары жетерлік. Соның бірі - Ұлан ауданы, Саратовка ауылында орналасқан көпсалалы колледж. Білім ошағының тыныс-тіршілігімен әріптесім танысып қайтты.
Аграрлық сала мамандарының ұстаханасы саналатын бұл орда негізінен ауыл экономикасын көтеруге қызмет етеді. Бүгінде білім мекемесі жеті түрлі сала бойынша кадрларды даярлайды. Алдағы уақытта жаңадан мамандықтар ашылып, толықпақ.
Колледж республика бойынша үздіктердің қатарында. Мұнда ветеринария саласы мамандарын даярлау қарқынды дамып келеді. Студенттер білім алу үшін аймақтың түпкір-түпкірінен келген. Олардың арасында Абай облысы мен Талдықорғаннан келген қыз-жігіттер бар. Болашақ мамандар үшін оқу да, жатақхана да, үш уақыт тамақ та тегін.
Ғимаратта білім алу үшін барлық жағдай қарастырылған. Жыл сайын нысанға жөндеу жұмыстары жүргізіліп отырады. Техникалары да жаңа. Оқытушылар да білікті.
Бұл оқу ордасының студенттерге берері мол. Сексен жылдық тарихы бар білім мекемесі алдағы уақытта да жемісті жұмыс істемек.