«Отбасы Банк» ұсынған «Отау» және «Наурыз» ипотекалық бағдарламасы қайта іске қосылады. Бағдарламаға бірнеше өзгеріс енгізілді дейді мамандар. Тұрғын үй алуға ниетті азаматтар не білуі керек? Талаптар қандай?
«Наурыз» бағдарламасы іске қосылғалы екі мыңға жуық отбасы қоныс тойын тойлады. Ал «Отау» арқылы 1700-ден астам азамат жаңа баспана иесі атанды. Бұдан бөлек, 5000-ға жуық жанұяның ипотекалық несиесі мақұлданды. «Наурыз» бағдарламасы аясында баспаналы болғандардың бірі - Зайсан ауданының тұрғыны Ержан Қабидолдин. Ол конкурсқа қатысып, қажетті құжаттарды рәсімдеген.
Облыс орталығының тұрғыны Айдар Алдауышев бағдарлама ыңғайлы әрі тиімді екенін айтады.
«Отау» және «Наурыз» бағдарламаларының шарттары бір жүйеге келтірген. Яғни талаптары бірдей. Енді баспана алуға ниетті азаматтарға салымды жинақтау мерзіміне қатысты шарттар қойылмайды. Депозитті бағдарламаға қатысуға өтінім бергенге дейін ашуға болады. Несиенің максималды сомасы ұлғайтылған. Мәселен, Астана мен Алматы қалалары үшін 36 млн., басқа өңірлерде 30 млн. теңге. Әлеуметтік осал топ санатына жататындар үшін сыйақы мөлшері де төмендетілген. Небәрі 7%.
Депозиттегі жинақтың ең аз сомасы 1 млн. теңге болуы қажет. Бастапқы жарна 20%-ы құрайды. Несиелеу мерзімі 19 жыл. Пәтер алуға өтінімді баспана маркет порталы арқылы беруге болады. Бұл порталда 560 тұрғын үй кешеніндегі 9183 пәтердің кез келгенін «Отау» немесе «Наурыз» бағдарламалары арқылы брондауға болады. Тұрғын үй бағдарламасына өтініштерді қабылдау қыркүйектің 16-ы мен 25-і аралығында жүргізіледі.