Күршім ауданында «шекаралық бағдарлау» атты республикалық турнир өтті. Тартысты сайысқа өңірдің түпкір-түпкірінен келген 80-ге жуық шекарашы қатысты. Олар өз ара кім мықтыны анықтады.

Турнирдің ашылу салтанатында құрамалар таныстырылып, шекарашылар сап түзеді. Артынан әнұран шырқалып, ұйымдастырушылар қатысушыларға сәттілік тіледі. Бұдан соң жеребе тартылып, Алматы облысынан келген әскерилер жарысты бастап берді.

Шекарашылар арасындағы бұл турнир екі жыл қатарынан өткізіліп келеді. Осы жолы сайысқа қатысушылар Қазақстан республикасы ҰҚК төрағасының орынбасары-шекара қызметі директорының кубогын сарапқа салды. Жарыс басында төрешілер сайыстың ережесін түсіндірді. Соңында әділ бағаларын берді.

Қазір элиталы әскер саналатын шекара қызметі ерекше құрметке ие. Күршім шекара басқармасы саладағы қызметтерін абыроймен атқарып келеді. 14 мың шақырымға созылған ел шекарасында антына берік, рухы асқақ азаматтар тұр. Қазір құзыреті кеңейген қызметке жүктелген міндет ауыр. Дегенмен, жауапты қызметте жүрсе де шекарашылардың спортқа деген ынтасы жоғары дейді ,- ұйымдастырушылар.

Турнир екі күнге созылды. Сайысқа қатысушылар осал емес. Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды ШҚО-ның шекарашылары иеленді. Ал, екінші орынға Қызылордалықтар табан тіресе, үшінші орын Жетісу құрамасына бұйырды.