Биылғы Президент Жолдауы қалың бұқараның көңілінен шыққаны белгілі. Шығысқазақстандықтар мемлекет басшысының Жолдауында айтылған жаңалықтар туралы әлеуметтік желіде жарыса айтып жатыр. Көтерілген мәселелерді талқылап, ұсынылған реформаларға қолдау білдірді. Әсіресе, зайсандық ағайынның жайсан көңілі ақжарма тілектерге ұласты. Ел болып көптен күткен тілектері орындалуға аз қалды. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Қатонқарағай, Зайсан және Кендірлі өңірлерінің де туристік әлеуетін дұрыс пайдалану қажет. Осындай демалыс аймақтарында сапасы жоғары жол инфрақұрылымы бар әуе бекеттері мен әуежайлар салу керек» деп тоқталды. Бұл өз кезегінде Зайсан ауданы ғана емес, тұтас облыс үшін экономикалық жағынан оң әсер етпек.