Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм" атты Қазақстан халқына Жолдауында банктердің экономикаға көбірек қаржы құюына жағдай жасау, ақша-несие және фискалдық саясат арасындағы теңгерімсіздіктерді жою қажет екендігін атап өтті. Сондай-ақ, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелерін және қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі арттыру жөніндегі міндеттерді тапсырды.
Жолдауда атап өтілгендей, нақты секторды несиелеу әлі де тиісті деңгейде емес. Шағын және орта бизнесті жеткілікті қорландыру мәселесі де шешілген жоқ. Президенттің айтуынша, мұның бәрі елдегі іскерлік белсенділікке, экономиканың тұрақтылығы мен үдемелі өсуіне теріс әсер етеді. Үкімет пен Ұлттық банк осы мәселенің оңтайлы шешімін әзірлеуі тиіс.
Президент экономикалық белсенділікті ынталандырудың және финтех-сектордың одан әрі серпінді дамуының өзекті міндеттеріне жауап беретін банктер туралы жаңа заң қажет екенін атап өтті. Қолданыстағы заң шамамен 30 жыл бұрын мүлдем басқа шындықта қабылданды,- деді.
Үкіметке халықаралық қаржы институттарының қатысуымен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы іске асырылатын жобалардың тізімін жасау тапсырылды. Ал «капиталын заңдастырғысы» келетін кәсіпкерлер Қазақстан экономикасына қаржы салуға заң жүзінде міндеттелмек.