«Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің тасы қаланды. Болашақ спортшылардың тыңғылықты дайындалуына септігі мол орталықтың құрлысы келер жылы аяқталады деп жоспарланған. Салтанатты шараға жиналған жергілікті халық, билік өкілдері мен ауылдан түлеп ұшқан жомарт азаматтар да өз үлестерін қосуда.

 «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасының басты мақсаты – ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту. Шалғай жатқан елді-мекендердің дамуына ықпал ету. Жоба аясында негізінен әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту көзделген. Адамдарға жайлы орта қалыптастыру, бұқаралық спорт түрлерін дамытуға барынша көңіл бөлу маңызды. Сондықтан осы мақсатта қолға алынған ілкімді істің игілігі халық үшін жасалуы тиіс.

Аудан талай тартысты додаларда ел намысын қорғап, көк байрағымызды көкте желбіреткен спортшыларға кенде емес. Сондықтан да болашақта спортта жетістікке жететін қаншама саңлақ осы жерден түлеп ұшары хақ.

Мердігер осы өңірдің тумасы қазақша күрестен әлем чемпионы Мақсат Мәзибаев. Туған жерінің өркендеп, гүлденуіне үлес қосып жүрген азаматтардың бірі.

Денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысына 900 млн. астам теңге қарастырылған. Оның 300 миллион теңгесі биыл игерілуі тиіс. Жоспарға сай 2025 жылдың желтоқсан айында құрылысы толық аяқталады.