«Бірлік болмай – тірлік болмас». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында елдегі береке – бірлікті, татулықты сақтап, араңдатушылыққа жол бермеу керектігіне тоқталды. «Халқымыз қашанда кең пейілімен, толеранттылығымен ерекшеленген. Еліміздің басты құндылығы – бірлік пен келісім ең алдымен, осы қасиеттердің арқасында сақталып отыр» , - дейді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, елімізде тіліне, дініне, ұлтына, әлеуметтік жағдайына және басқа да себептерге байланысты ешкімге ешқандай қысым жасалмайды. Әрине мұндай жайттар ара-тұра кездеседі. Бірақ бұл көбіне жекелеген адамдардың сауатсыздығы мен жауапсыздығынан болып жатады. Құқық қорғау органдары әрдайым заң арқылы мұндай оқиғалардың жолын кесуі тиіс деп атап өтті.

Елдің тұрақты дамып, Әділетті, Таза және Қауіпсіз Қазақстанды құру үшін қоғамның біртұтастығы маңызды. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып бұған барлығы атсалысу керек. Өңірде 105-тен астам этнос өкілдері береке-бірлікте өмір сүреді. Олар облыстық Достық үйінде бір кісідей жиналып, бір-бірінің салт-дәстүрімен, мәдениетімен танысады.Тілін үйренеді. Мерекелік шаралар өткізеді.

Қазақстан бейбіт және теңгерімді сыртқы саясатты қатаң ұстанып келеді. Еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін нығайту, шетелдегі азаматтарымыздың құқықтарын қорғау, ұлттық мүдделерімізді ілгерілету, экономикаға инвестиция тарту – дипломаттарымыздың басты міндеті. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысын қатаң ұстана отырып, көп жақты ынтымақтастық орнатуға қашанда дайын екенін паш етіп келеді. Еліміз халықаралық қауіпсіздік және тұрақтылық мәселелерін шешуге белсенді атсалысады.