Глубокое ауданындағы «Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» мен «Астана Агропартнер» ЖШС бірлесіп, дәстүрлі «Дала күні» шарасын өткізді. Шараға жиналғандар түрлі техникадан бастап, егілген жемшөп, дәнді және бұршақты дақылдардың, сондай-ақ, майлы дақылдардың сұрыптарын көріп, артықшылықтарымен танысты.

Тәжірибе станциясының егінжай алқабында келушілерге жетекші селекциялық орталықтар өсірген перспективалы сорттар мен будандардың 70 түрі көрсетілді. Соның ішінде көпшіліктің назарын аудартқан өнімнің бірі осы – құмай дәнді дақылы. Құмай – түрлі тағам өнімдерінде қолданылады.

Сондай-ақ, дәнді құмайдың премиум сұрпы – жарма, ұн, крахмал мен спирт өндіруге арналған тамаша шикізат.

Келушілердің қатарында ғылыми-зерттеу мекемелерінің, ауылшаруашылық кәсіпорындарының басшылары мен мамандары, фермерлер, ауылшаруашылық техникасын шығаратын шетелдік компаниялар дилерлері мен ғалымдар бар.

Қазіргі кезде еңбектің өнімділігін арттыратын заманауи техника мен технологиялар мол.

Шарада көпшілік назарына ұсынылған техниканың бірегейі осы «агродрон». Дронның егістік алқабына тигізер пайдасы зор.

 «Дала күнінде» егіс алқабына түрлі техникалар шығарылып, егін суарып, шөп шауып көрсетіп, жер де жыртты. Одан бөлек, келген қонақтарға шағын концерт те қойылды.