Өңір басшысы Қытай Халық Республикасы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық Алтай ауданының басшысы Жеңіс Хадеспен кездесті. Қос тарап екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтып, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика және туристік салалардағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылады.

Шығыс Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы түрлі сала бойынша тығыз байланыс орнатқан. Биылғы Қазақстанның Қытай еліндегі туризм жылы болып жарияланғандықтан, қос тарап осы саланы дамытуға ерекше көңіл бөлді. Мәселен, шетелдік туристерді тарту үшін Қанас көлінен Марқакөлге дейін туристік маршрут ашып, тікелей әуе рейстерін іске қосу жайы талқыланды. Сондай-ақ мультимодальдық тасымалдауды Ертіс өзені арқылы «Майқапшағай-Зимұнай» жолымен жаңа шекаралық теміржолды салу ұсынылды.Тағы бір талқыланған мәселе Үрімші мен Алтай өңірінен Өскеменге тікелей әуе рейстерін ашу мүмкіндігін қарастыру.

Өз кезегінде Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық Алтай ауданының басшысы Жеңіс Хадес облыс әкімі мен өңір тұрғындарына алғысын білдірді.

Шекаралас өңірлер жоспардағыны жуық арада жүзеге асырса, аспан асты елінен Шығыстың көз сүріндірер көрікті жерлерін тамашалауға келетін туристер саны артпақ.