Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің облыс бойынша Ұлттық статистика бюросының басқарма басшысы Ерназ Нұрланов аймақтың жылдың бірінші жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы айтты. Брифинг барысында өнеркәсіп өндірісі, ауыл шаруашылығы өнімдері, бөлшек сауда айналымы, құрылыс жұмыстары мен негізгі инвестиция көлемінің ұлғаюы туралы баяндады.

2024 жылдың қаңтар-маусым айларында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1 трлн. 231 млрд теңгеден асқан. Өнеркәсіп өндірісінің индексі 105%-ды құрады. Облыста республикалық өнеркәсіп өнімінің 5,2%-ы өндірілді. Осы жылдың алты айында бөлшек тауар айналымының көлемі өткен жылмен салыстырғанда 8%-ға өскен.

Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі де қосымша бағалауды есепке алғанда 286 млрд теңгеге жетті. Бұл өткен жылдағыдан 7%-ға артық. Облыста жыл басынан бері атқарылған құрылыс жұмыстары туралы да сөз қозғалды.

Осы жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша облыс халқының саны 726 мың адамды құраса, оның 485 мыңы қала тұрғыны, 240 мыңы ауыл тұрғындары. Брифинг барысында облыстағы жұмыссыздар саны 17 мың адамды құрайтыны айтылды. Ал, жұмыссыздық деңгейі 5%-ға жуықтады.