Аймаққа жұмыс сапарымен Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев келді. Ол Өскемендегі көкөніс майын өндіретін зауыттың құрылыс барысымен танысып, бірқатар сауда орнының жұмысын бақылап қайтты.

Министр бірінші кезекте «Altai Mai» - жаңа өндіріс орнына барды. Бұл нысан жыл соңына дейін толық қуатына көшпек. Қазір мұнда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Кәсіпорын басшысы Нұржан Меджановтың айтуынша, өндіріс орны толық күшіне енген кезде 350-ден астам адамды жұмыспен қамтымақ.

Мұндай өндіріс орнының ашылғанын Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев те құптады.

Одан соң министр «Гостиный двор» сауда кешеніне барды. Балалардың ойын-сауық аймағын және сүт цехын аралады. Арман Шаққалиев орталықтың келушілер үшін өте ыңғайлы екенін, енді баға саясатын ретке келтіру қажеттігін атап өтті. Ведомство басшысы «Алтай» көтерме-тарату орталығында да болды. Онда қазір көкөніс қоймасын салу жұмысы жүргізілуде.

Бұдан бөлек, Сауда және интеграция министрі облыстың бизнес өкілдерімен кездесті. Кәсіпкерлерді толғандырған сұрақтарға жауап берді. Облыс әкімдігінде өткен жиын барысында түрлі сауалдар қойылды. Оның ішінде сауда нысандарын модернизациялау, экспорттық баж салығы, уақыт белдеуінің ауысуы сияқты мәселелер қаралды.

Министр жиында көтерілген мәселелерге бір айдың ішінде нақты жауап беретінін айтты.