Аймақ басшысы Ермек Көшербаевтың төрағалығымен облыстық әкімдіктің отырысы өтті. Алқалы жиында өңір үшін маңызды бірқатар мәселе қаралды. Соның ішінде, облыстың жарты жылдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы, бюджеттің игерілуі және жайылымдық жерлер мәселесі көтерілді.
Әкімдік отырысы жаңа тағайындаудан басталды. Жақында Ауыл шаурашылығынан Ветеринария басқармасы бөлініп шыққан болатын. Осы жаңа ведомствоға басшы болып Рамиль Сағындықов тағайындалды. Ал Ажар Қаджыбекова Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы қызметін атқарады. Облыс әкімі жаңа басшыларға сәттілік тілеп, алдағы уақытта басқармалардан нәтиже күтетіндігін айтты. Сонымен қатар, Ермек Беделбайұлы өңірде жұмыс істеп тұрған 109 бірыңғай байланыс орталығының жұмысына тоқталды.
Жиында көтерілген маңызды мәселенің бірі облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы. Осы жылдың алты айының қорытындысы бойынша өңір экономикасы барлық негізгі бағыттар бойынша қарқынды дамып келеді. Өнеркәсіп өнімін өндіру 5,1%-ға өсті. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі 3,7%-ды құрайды. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі - 2,9%, бөлшек тауар айналымы - 1,9%, құрылыс жұмыстары – 31,5%-ға өсті деп мәлімдеді облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы.
Сонымен қатар, облыстық қаржы басқармасының басшысы Светлана Большакова облыстық бюджеттің алты айдағы игерілуі туралы баяндама оқыды. Оның сөзіне сенсек, өңір бюджетінің кіріс бөлігі 133,5%-ға орындалды. Асыра орындау 27,4 млрд. теңгені құрады. Облыстық бюджет бойынша – 16,6 млрд.теңге, қалалар мен аудандардың бюджеті бойынша – 10,8 млрд. теңге. Жоспардың орындалуы барлық кіріс көздері бойынша қамтамасыз етілген.
Облыс халқын жайылымдық алқаптармен қамтамасыз ету және пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қайтару бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс та сөз болды. Ресми деректерге сүйенсек, облыс аумағында жайылымдардың ауданы 5,1 млн. га құрайды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде – 2,4 млн. га, елді мекендердің жерлерінде – 0,5 млн. га, босалқы жерлерде – 1,6 млн. Га, өзге санаттарда – 0,6 млн. га. жер бар.
Өңір экономикасы тұрақты дамып келеді. Дегенмен, күрмеуі көп, шешімін таппай жүрген дүниелер жоқ емес. Сондықтан, облыс әкімі жиын соңында жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар беріп, тез арада ретке келтіруді тапсырды.