Тарбағатай ауданының орталығы Ақжар ауылын абаттандыруға ерекше көңіл бөлінуде. Ауылға кіреберістен бастап оның тазалығына мән берумен қатар, орталық саябақты қалпына келтіру, көшелерді жарықтандыру, жолдарды жөндеу сияқты жұмыс тоқтаусыз жүріп жатыр. Бұл орайда ақжарлықтардың талап-тілегі де назардан тыс қалған емес.

Аудан орталығы Ақжар ауылын абаттандыру жұмысы биыл да жалғасын тапты. Осы жылы ауылдың бес бірдей көшесіне асфальт төселді. Бұдан бөлек ойын, футбол алаңдарын салу, басты көшені жөндеу, жаяу жүргіншілер жолын салу, көше жарығын заманауи талаптарға сай ету жұмыстары қарқын алған. Үнемі сенбіліктер өткізіліп, гүл егу, көшет отырғуза да назардан тыс қалмады. Аудан орталығындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бейнебақылау камералары да орнатылған.

Сонымен қатар, ауылдағы Қабанбай батыр атындағы орталық саябақты қайта қалпына келтіру жұмысы жүргізіліп жатыр. Саябақтың ішіндегі орталық стадион жөнделіп, 400 орындық трибуналар орнатылады. Жүгіруге арналған жолақтар салынып, воркаут алаңдары да салынбақ. Ақжарлықтар үшін тағы бір жақсы жаңалық – қысы-жазы алаңсыз спортпен шұғылданатын спорт кешенінің де құрылысы биыл басталады.

Жылдағы абаттандыру жұмысы болғанымен, биыл аудан орталығында өзгеріс баршылық. Мұның барлығына жергілікті кәсіпкерлер де демеушілік көрсетіп жатыр. Ауыл халқы да осындай игі бастамаларға дән риза.

Абаттандыру жұмыстарының нәтижесінде Ақжар ауылының келбеті көркейіп келеді. Алдағы жылдардың еншісінде де ауқымды жобалар жүзеге аспақ.